Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

"Қымызмұрындық" этнофестивалі өтті

c 18:08, 24/06/2022 c 1059

0:00 / 0:00

Теректі ауданына қарасты Долин ауылында Қымызмұрындық өтті. Аудан халқы байырғы дәстүрді жалғау үшін алғашқы қымыз ішу рәсімін бірнеше жылдан бері ұйымдастырып келеді.

Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында теректіліктер көне дәстүрді жалғап, өскелең ұрпаққа таныту үшін аудан көлемінде жылын сайын "Қымызмұрындық" рәсімін ұйымдастырып келеді. Іс-шараның мақсаты: атадан балаға мирас болып қалған салт-дәстүрді насихаттау.

Қымызмұрындаққа келген бұқараның қарасы қалың. Бие байлап, алғашқы қымыз ішетін рәсімде меймандарға қызықтайтын дүние көп. Қонақтарға деп қымыз көрмесі, ұлттық тағамдар мен ойындар ұйымдастырылды. Этнофестивальге қымыз өндірушілер өнімдерін арнайы ала келді. Жалпы бие сүтін сауып, оны баптауға көп күш керек. Кезінде ақын Жамбыл «Ауруға ем, сауға қуат дәрі қымыз», деп жырға қосты. Осы сусын А, С, және Д дәруменіне бай.

Қымызмұрындық этнофестивалінде ұлттық тағамдар жасалып, ойындар ойналды. Әжелер жүн түтіп, ұршық иірді. Ақ жаулықты аналар бала күнінде үйренген өнерін өзгелерге үйретуге асық.

Этнофестиваль аясында ұлттық тағамдар ұлықталды. Таза ауада пысық жеңгейлер бауырсақ пісіріп, меймандарға таратып үлгерді. Қолынан бал тамған аспаздардың тағамынан барлық аудан халқы тегістей ауыз тиді.

Долинде өткен алғашқы қымыз ішу рәсімінде ұлттық ойындарға ерекше көңіл бөлінген. Сұр мергендер асық атып, ептілігін сынаса, балуандар боз кілемде белдесті. Қол күресіне қатысып, арқан да тартысты. Кішкентай балалар алтыбақанды қызықтады. Аудан халқы тазы жарысын ерекше ықыласпен тамашалады. Тазысын жарысқа қосқан жандарды сөзге тарттық.

Аудан өнерпаздары бұқараға әннен шашу шашып, бишілер мұң бұрала биледі. Сахнаға қымыз өндірушілер шығып, бие сүтінің алуандылығы мен қымызды ашытуға байланысты тәжірбиесімен бөлісті. Этнофестивальге белсенді қатысқан жандар марапаттарға ие болды. Қымызмұрындық рәсімі келесі жылы Покатилов ауылында өтеді.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.