0:00 / 0:00
Қыстың ауылы әлі алыс па? Қарашаның ортасы жақындаса да, еліміздің көп өңірлерінде әлі қар жаумаған. Күн райының жылынуы жылыту маусымының тәртібін қайта қарауға себеп болуы мүмкін. Қазақстанда алдағы уақытта жылыту маусымының басталу және аяқталу мерзімі климаттық жағдайға қарай қайта қаралуы мүмкін. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов биылғы ауа райының ерекшеліктеріне назар аударып, жылу беру кестесін түзету қажеттігі туындауы ықтимал екенін айтты. Министрдің сөзінше, қараша айының ортасы жақындағанымен, Астанада әлі қар жаумаған. Ал ауа температурасы әзірге минус 5 градустан төмен түспеген. Бұл кезеңде қалыпты температура минус 10-15 градус шамасында болуы керек еді. Бұған қоса, бұрын қазан айының жиырмасыншы күндерінен бастап елордада қар жауатын. Биыл жауын-шашын мен температураның өзгеруі климаттық ахуалдың құбылып жатқанын көрсетеді. Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, кей жағдайда сырттағы ауа райына қарамастан, ғимараттарда жылу мөлшері азайтылмайды. Соның салдарынан тұрғындар ыстыққа шыдамай, терезелерін ашуға мәжбүр. Яғни жылу энергиясы бөлмелерді емес, сыртқы ортаны жылытуға жұмсалады. Министр энергетиктер мен жылу электр орталықтарының жұмысы ауа температурасына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондықтан жылу беру жүйесінде қоршаған ортаның жағдайы үнемі ескеріледі. Болашақта жылыту маусымының мерзімін де осы өзгерістерге бейімдеу мәселесі қарастырылуы мүмкін.







