0:00 / 0:00
Қазақстанда сәби дүниеге келген отбасыларға несиені өтеу мерзімін уақытша тоқтатып, пайызсыз демалыс беру ұсынылды. Мұндай бастаманы Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов көтерді. Оның пікірінше, жас отбасылардың бала сүюіне кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі - қарыз жүктемесінің көптігі мен баспананың жоқтығы. Ол қалыптасқан жағдайды «қарыздық контрацепция» деп атап, отбасыларға түсетін қаржылық салмақты азайтатын шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Атап айтқанда, микроқаржы ұйымдарының қызметін шектеуді және жеке сот орындаушыларының азаматтардың банк шоттарын жаппай бұғаттауына тосқауыл қоюды ұсынды. Мұрат Әбенов келтірген мәлімет бойынша, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда 226 мың 990 сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,95 пайызға аз. Ал соңғы төрт жылда елдегі туу көрсеткіші 25 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, оның дерегінше, 9 миллион 160 мың қазақстандықтың өтелмеген несиесі бар. Ал 1,5 миллион адамның банк шоты бұғатталған. Бұдан бөлек, ол инфрақұрылымдық жобаларға жоспарланған 16 триллион теңгені бөлгенде демографиялық жағдайды ескеруді ұсынды. Әсіресе халық саны азайып бара жатқан солтүстік және шығыс өңірлерге басымдық беру қажет деп санайды. Бұл аймақтарда жастарды тұрақтандыру үшін қолжетімді баспана мен тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз ету маңызды. Айта кетейік, бала туған отбасыларға несие демалысын беру әзірге Мұрат Әбеновтің бастамасы ғана. Оны енгізу туралы мемлекеттік органдар тарапынан нақты шешім қабылданған жоқ.







