0:00 / 0:00
Қазақстандықтар енді өздеріне немесе балаларына екпе салынғаны туралы мәліметтің дұрыстығын SMS арқылы тексере алады. Егер медициналық жүйеде вакцина алғаны көрсетіліп, шын мәнінде екпе салынбаса, азаматтар бұл туралы арнайы нөмірге хабарлай алады. Жаңа қызмет 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде іске қосылмақ. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді. Енді «Вакцинация» модуліне екпе туралы ақпарат енгізілгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне автоматты түрде SMS-хабарлама жіберіледі. Онда вакцинаның түрі мен екпе жасалған күн көрсетіледі. Хабарламаны алған адам мәліметті тексеріп, оның рас-өтірігін растауы керек. Ол үшін 1414 қысқа нөміріне жауап хабарлама жіберу қажет. Егер екпе шынымен салынса, 811 санын жолдау керек. Ал вакцинация жүргізілмесе, 812 санын жіберу қажет. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл жүйе медициналық ақпараттық базаға енгізілген мәлімет пен іс жүзінде жасалған екпенің арасындағы сәйкессіздікті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Ал вакцинацияға қатысты қосымша ақпаратты азаматтар eGov Mobile мобильді қосымшасынан ала алады.







