0:00 / 0:00
Қазақстанда 2027 жылдан бастап жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алу тәртібі өзгереді. Енді жәрдемақы алты ай емес, үш ай ғана төленеді. Ал жұмыс іздеуге берілетін уақыт үш күннен он күнге дейін ұзартылмақ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қолданыстағы тәртіп коронавирус пандемиясы кезінде енгізілген. Енді билік пандемияға дейінгі жүйеге қайта оралуды жоспарлап отыр. Алайда әлеуметтік төлемнің мерзімі бұрынғыдан қысқа болады. Ведомство бұл өзгерісті жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына жылдам қайтару қажеттігімен түсіндіреді. Яғни мемлекет ұзақ уақыт бойы жәрдемақы төлеудің орнына, азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына басымдық бермек. Ол үшін жұмыссыздарға сұранысқа сай бос жұмыс орындары ұсынылады. Сондай-ақ тегін кәсіби оқыту курстарына қатысып, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік беріледі. Министрдің сөзінше, 2027 жылдан бастап негізгі міндет - азаматтардың кәсіби дағдыларын дамыту және оларды тұрақты жұмыспен қамту. Осылайша, жұмыссыздық бойынша төлем алу мерзімі қысқарғанымен, жұмысқа орналасуға көмектесетін шараларға басымдық берілмек.







