0:00 / 0:00
Алматыда ҚазҰУ жатақханасынан бірінші курс студентінің мәйіті табылды. Қыздың анасы қызының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Ол өлімнің нақты себебін анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеруді талап етіп отыр. Қайғылы жағдай 6 қараша күні кешкісін болған. Журналистика факультетінің студенті Шымкенттен Алматыға оқуға келген. Алдын ала болжам бойынша, бойжеткен өзіне қол салуы мүмкін. Алайда анасы бұл нұсқамен келіспейді. Әйелдің айтуынша, қызының денесінде көгерген іздер болған. Мәйітханада оған кейбір жарақаттар адам қайтыс болғаннан кейін пайда болуы мүмкін екенін түсіндірген. Дегенмен денедегі іздердің нақты неден пайда болғаны әзірге белгісіз. Қыздың телефоны да тексеру үшін полицияға алынған. Марқұмның анасы оқиғадан кейін түрлі болжам тарағанын айтады. Біреулер Жанель йод ішіп қойған болуы мүмкін десе, студенттердің кейбірі оны бөлмесінен белдікке асылған күйде тапқанын жеткізген. Қайғылы оқиға алдында қыз бөлмелес құрбысына хабарласып, оның қашан оралатынын сұраған. Полиция студенттің қайтыс болғанын растады. Аталған дерек бойынша тергеу басталған. Ал сараптама қорытындысы шамамен бір айдан кейін белгілі болмақ. Қазір қыздың өліміне қатысты нақты себеп пен жағдайлар анықталып жатыр.







