Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Экология-басты мәселе

c 09:34, 25/11/2020 c 838

0:00 / 0:00

Қоршаған ортаны қорғау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Үкіметтің селекторлық отырысында бұл тақырып басты мәселе болды. Еліміздің бас экологы Мағзұм Мырзағалиев атмосфералық ауа мен жер үсті суларының ластануы, қалдықтармен байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі жағдайды күрделендіруде деп дабыл қақты. Қазақстан экологиясы әбден ластанған елдер қатарында. Бүгінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне кіріп отыр. Бұл жағымсыз көрсеткішті ел астанасы- Нұр-Сұлтан қаласы бастап тұр.

Біздің үкімет табиғат ананы қорғау мәселесіне кеш оралды. Қаншама жыл бойы экология министрлігі деген атымен болған жоқ. Бір-біріне қайшы келетін энергитика министрлігінің қарамағында болған бұл сала кенже қалды. Бірер жыл бұрын елде экологиялық министрлік құрылып, қоршаған ортаның әбден ластанғанына енді көз жеткізіп жатқандаймыз. Бас эколог Мағзұм Мырзағалиевтің баяндамасын тыңдасаңыз,  Қазақстанда экологиясы нашар қалалар саны 10-ға жеткен. Ластанған шахарлар көшін ел астанасы бастап тұр.

Атап айтқанда, атмосфералық ауа мен жер үсті суларының ластануы, қалдықтармен байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі, сондай-ақ ежелден ластанған жерлер мен көгалдандырудың жетіспеушілігінен мәселе күрделеніп кеткен. Ірі қалалардың ластануына зауыттар мен жылу беру стансаларының, автокөліктердің шығындылары себеп болып отыр. Бұл проблеманы шешудің бір жолы-ТЭЦ-ды газға көшіру, меншік үйлерді газдандыру, қоғамдық көліктерді табиғи газға көшіру қажет. Елорданың өзіне отыз жылда газды енді тартып жатқанымызды ескерсек, бұған қол жеткізгенше әлі талай жыл өтетіні сөзсіз.  Министр ауаның ластануына қоқыс қалдықтары да зор зиян келтіріп отыр дейді. Министрліктің алдында 2025 жылға қарай қоқысты қайта өңдеу деңгейін 30% дейін жеткізу мақсаты тұр. Ол үшін Қазақстанның алты қаласында пилоттық режимде тұрмыстық қатты қалдықтарды өртеу арқылы энергия өндіретін зауыт салынады.

Біз үшін бұл әлі пилоттық жоба болса, еуропа елдері баяғыда-ақ қоқыс тастау мәдениетін, оны қайта өңдеуді меңгеріп тастаған.

Табиғат ананы ластанудан қорғаудың бір жолы - ағаш отырғызу. Алдағы бес жылда орман аумағын 500 мың гектарға ұлғайтып, 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу жоспарлануда. Алайда, бір жағынан ағаш отырғызып жатқанда, Алматы қаласында талдарды кесіп жатыр. Қаланың Төлеби көшесінде  жайқалып өсіп тұрған көпжылдық емен мен қарағашты кесіп тастаған Sulpak команиясының ерсі әрекеті қоғам наразылығын тудыруда. Әлеуметтік желіде дауға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  араласып, қала әкімі Сағынтаевқа кінәлілерді тауып, жауапкершілікке тартуды тапсырды.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.