0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында коммуналдық кәсіпорынның 74 қызметкері үшін міндетті төлемдер аударылмағаны анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді. Аудан прокуратурасы жүргізген талдау барысында кәсіпорынның салық декларациясына қызметкерлері жоқ деген жалған мәлімет енгізгені белгілі болған. Соның салдарынан міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және заңда көзделген өзге де төлемдер жасалмаған. Жалпы берешек көлемі 4 миллион теңгеге жуық. Алайда «Еңбек.kz» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтер кәсіпорында 74 адамның жұмыс істейтінін көрсеткен. Прокурорлық қадағалау шараларынан кейін заңбұзушылықтар жойылып, 74 қызметкердің құқығы қалпына келтірілді. Прокуратура азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.










