0:00 / 0:00
Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге коммерциялық мақсатта әкелуге және сатуға толық тыйым салу ұсынылды. Мұндай бастаманы «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі көтеріп отыр. Ұсыныс интернет арқылы сауда жасау мен жеткізу қызметтеріне де қатысты. Ұйым өкілдерінің пікірінше, энергетикалық сусындар бүгінде оқушылар мен студенттерден бастап, жүргізушілер мен кеңсе қызметкерлеріне дейін кеңінен тұтынылады. Адамдар оны шаршағанды басып, ұйқысыздық пен жұмыс жүктемесін еңсеру үшін ішеді. Алайда сусынның қысқа уақыттық сергітетін әсері денсаулыққа төнетін қауіптерді жоққа шығармайды. Бірлестік қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейді деп есептейді. Еске салайық, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Ал 2026 жылдан бастап бұл өнімге акциз салығы енгізілді. Соған қарамастан, мектеп оқушылары арасында мұндай сусындарды тұтыну мәселесі әлі де алаңдаушылық тудырып отыр. 2022 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 11 мен 15 жас аралығындағы оқушылардың 20,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын ішкен. Ал 3 пайызы күнделікті тұтынған. «Әкелер одағы» енді энергетикалық сусындарды өндіру мен коммерциялық әкелуге, көтерме және бөлшек саудаға, жарнамалауға және тегін таратуға тыйым салуды ұсынады. Сондай-ақ құрамында қант жоқ түрлері мен концентраттарды да осы өнім санатына жатқызатын нақты өлшемдер белгілеу қажет деп санайды. Бұдан бөлек, заңсыз айналым үшін жауапкершілік енгізіп, мемлекеттік бақылау тетіктерін әзірлеу ұсынылған. Егер бастама заң жүзінде қабылданса, жаңа талаптарды іске асыру үшін алты айдан аспайтын өтпелі кезең қарастырылуы мүмкін. Әзірге бұл - қоғамдық бірлестіктің ұсынысы.







