0:00 / 0:00
Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға түзету балабақшасының қызметкерлері дөрекі қарым-қатынас жасаған болуы мүмкін. Баланың анасы әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында тәрбиешінің баласына күш көрсетіп, балағаттағанын мәлімдеді. Қазір бұл жағдайға қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. Әйелдің айтуынша, балабақша қызметкерлері ата-аналарға балалардың сабақ барысындағы бейнежазбаларын үнемі жіберіп отырған. Алайда бұл жолы келген видеода тәрбиешінің балаға дөрекі қол тигізіп, ұрысқаны түсіп қалған. Ананың болжамынша, қызметкерлер бұл сәтті бейнежазбадан алып тастауды ұмытып, оған кездейсоқ жіберген. Жазба авторы баласының сөйлеу қабілеті жоқ екенін, сондықтан үйіне келген соң өзіне не болғанын айтып бере алмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, ата-аналар балаларын қауіпсіздігі мен дамуына жауапты мамандарға сеніп тапсырады. Ал мұндай жағдайға жол берілмеуі керек. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қазір аталған дерек бойынша тергеу басталған. Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнежазбаларды зерттеп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар тәрбиеші мен түзету орталығы басшылығының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады деп күтілуде.







