Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

«ҮКІМЕТКЕ СЕНІМ ЖОҚ»

c 08:53, 18/11/2021 c 1146

0:00 / 0:00

Парламент депутаттары қабылданып жатқан Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың толық жүзеге асатынына сенбейді. Мәжілісмен Жамбыл Ахметбеков «талай жобаларды аяқсыз қалдырып, қазына қаржысын тиімсіз жұмсаған үкіметке сенім жоқ»- дейді. Жалпы отырыста Айқын Қоңыров бастаған депутаттық топ премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады.Қабылданып жатқан ұлттық жобалар іс-шаралар мен сандардың жиынтығынан құралған. Ал азаматтардың мәселесін шешу жолы көрініс таппаған дейді олар. Мұндай жобаларға бөлініп жатқан бюджет қаражаты тағы да талан-таражға түседі деп алаңдайды. Сондықтан жоспарлы құжаттарда орташа көрсеткіштер емес, түрлі салалар мен азаматтардың санаттары және жұмыспен қамту салалары бойынша кірістің қалай артатыны міндетті түрде көрсетілуге тиіс деген талабы бар депутаттардың.

Президенттің тапсырмасымен үкімет 10 сала бойынша Ұлттық жобаларды қабылдап, дамыту жолдарын әдемі сандармен жеткізіп, жариялап жатыр. Онда денсаулық, білім, цифрлану, кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту сияқты көптеген сала қамтылған. Оған бөлінетін қаржы көлемі де қомақты. Алайда, бұл бұған дейінгі қабылданған мемлекеттік бағдарламалар сияқты аяқсыз қалуы мүмкін деп алаңдайды депутаттар. Сайлаушылардың басым бөлігінде өздеріне арнап жазылған ұлттық жобалардың мәні туралы түсінік жоқ. Себебі, жобалар іс-шаралар мен сандардың жиынтығынан құралған. Ал адамдардың мәселесін шешу жолы көрініс таппаған дейді мәжілісмендер. Талай, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, аяқсыз қалды. Қазына қаржысы талан-таражға түсті. Халықтың үкіметке сенімі жоқ дейді депутат Ахметбеков.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын 2019 жылғы деңгейден нақты ақшалай кіріс көлемінде 27,1% - ға өсіру туралы ғана міндет қойылған. Неліктен бұл 25% немесе 30% емес? Бұл өсімге қалай қол жеткізіледі? Бұл өсімге қол жеткізу барысында инфляция есепке алынды ма? Ол жайында ақпарат жоқ. Сондықтан бұл жобаның да сапалы ауыз су бағдарламасы сияқты ғұмыры қысқа болмаса жарады деп отыр олар.

Депутаттар үкімет басшысынан Ұлттық жобаларды жүзеге асыратын салалық тұжырымдамаларды әзірлеу барысында мемлекеттік бағдарламаларда кеткен қателерге жол бермеуді талап етті. Ұлттық жобалардың ұжаттарын сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері терең талдаудан өткізуі тиіс. Құжатқа өзгеріс енгізу үшін талқылау ашық болуы қажет дейді олар.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.