Ақтөбеде 16 жастағы студенттің өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Айыптау нұсқасына сәйкес, төртінші курс студенті бірінші курс студентін жатақхананың төртінші қабатындағы терезеден түсіп, дүкенге барып келуге мәжбүрлеген. Алайда жасөспірім төменге түсіп бара жатқанда құлап, 42 күннен кейін ауруханада көз жұмған. Қайғылы оқиға биыл 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Тергеу материалдарына сүйенсек, түнде бөлмеге келген 21 жастағы төртінші курс студенті кіші курста оқитын студенттерден темекі сұрап, кейін тамақ әкелуге жұмсаған. Бірақ жатақхана есігі жабық болғандықтан, жасөспірімді терезе арқылы түсіруді ұсынған. Алғашында ол қорыққанын айтып, бас тартқанымен, кейін бес көрпеден арқан жасалып, оған екі мың теңге мен сөмке берілген. Алайда үшінші және төртінші қабаттың арасында ол арқаннан ажырап, жерге құлаған. Дәрігерлер 42 күн бойы жасөспірімнің өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, аман алып қала алмады. Сотта жатақханадағы кіші курс студенттеріне қысым көрсетіліп, күш қолдану деректері де айтылды. Марқұмның анасы қайғылы жағдайға тікелей қатысы бар адаммен қатар, колледж бен жатақхана басшылығы да жауап беруі керек деп есептейді. Ал күдіктіге адамды қауіпті жағдайда қалдыру және абайсызда өлімге әкеп соғу баптары бойынша айып тағылған. Алайда ол кінәсін мойындамай отыр. Сот процесі жалғасуда.







