0:00 / 0:00
Енді Ұлттық ұлан сарбаздары өз бөліміндегі мәселені ашық айта алады. Ол үшін командирдің алдына барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. QR-кодты сканерлеп, арнайы жүйе арқылы анонимді хабарлама жіберсе жеткілікті. ULAN SENIM деп аталатын цифрлық платформа әзірге Алатау қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде сынақтан өтіп жатыр. Жүйе қазақстандық Aitu мессенджері арқылы жұмыс істейді. Сарбаз өтініш санатын таңдап, мәселені жазады. Хабарлама жеке нөмірмен тіркеліп, тікелей басшылыққа жолданады. Оны қарауға үш күн беріледі. Жүйе арқылы әскери бөлімдегі түрлі мәселелерді көтеруге болады. Атап айтқанда, заңдылықтың сақталмауы, жемқорлық, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану, сарбаздардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, киім-кешек пен қажетті заттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ әскери қызметшілердің құқықтарының бұзылуы туралы хабарлауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, сарбаздар өзара келіспеушіліктерді жеткізіп, әскери тәртіпті жақсарту жөнінде ұсыныс айта алады. Мәселен, күн тәртібін өзгерту, демалыс күндерін ұйымдастыру немесе сарбаздар асханасындағы мәзірді жаңарту туралы өтініш қалдыруға болады.Қазір мамандар платформаның жұмысын тексеріп, өтініштердің уақытылы қаралуын бақылау тетіктерін пысықтап жатыр. Сынақ сәтті өтсе, ULAN SENIM жүйесі Ұлттық ұланның өзге әскери бөлімдеріне де енгізілуі мүмкін.







