Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ҚОҒАМДЫҚ ПАЛАТА ҚҰРЫЛДЫ

c 10:06, 23/06/2022 c 1150

0:00 / 0:00

Парламент Мәжілісінің жанынан Қоғамдық палата құрылды. Палатаның құрамына конструктивті оппозиция өкілдері де тартылады. Сарапшылар, саяси партия өкілдері де кіреді. Бұл жайында жалпы отырыс барысында мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров хабарлады . Қоғамдық палатада елде орын алған маңызды шаралар талқыланып, халықтың пікірі назарға алынады. Заңға енгізілетін өзгерістер де қоғамның пікірімен байланыстырылмақ. Яғни халықпен кері байланыс орналасып, қызу пікір-таластар митингтерде емес, мәжіліс жанынан құрылған қоғамдық палатаның отырыстарында өтетін болады.

VII сайланған мәжілістің жанынан Қоғамдық палата құрылды. Заң шығару орган болып табылатын Парламентте онсыз да қоғамды алаңдатқан мәселелер талқыланып, заң жобалары қабылданып жатыр. Ал қаңтар оқиғасынан соң Жаңа Қазақстан тобы құрылған болатын. Оның жұмысын әлі көріп жатқан жоқпыз. Енді парламенттің жұмысын қайталайтын тағы бір палата құрудың қажеттігі неде? Депутаттардың айтуынша,қоғамдық палатаның басты мақсаты – неғұрлым өзекті, резонансты мәселелерді бірінші оқылымға дейін қоғамның талап-тілегін назарға алып қабылдайтын болады. Палата құрамына парламенттік және парламенттік емес партия мүшелері, сарапшылар, қоғам белсенділері, саясаттанушылар тартылады. Олар заң жобаларын қарап, қоғамдық сараптама жасау арқылы елдегі өзекті мәселелерге тәуелсіз, обьективті пайымдарын айтатын болады. Алайда, кейбір депутаттар бұл қоғамдық палата мәжілістің жұмысын қайталауы мүмкін деген ойда.

Алайда, палата құруды ұсынушылардың бірі мәжілісмен Ерлан Сайыров әріптестерін бұл жаңа Қазақстанды құруда қажетті ұйым болады деп сендірді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталған Қоғамдық палатаның жұмысын тікелей өзі қадағалайтын болады. Спикер халық өзінің талабын митингіде айтқанша, осындай пікір-талас алаңында талқыланған жөн дейді.

Палата жұмысына бейнебайланыс арқылы өңірлердегі қоғамдық кеңестер де қатыса алады. Палата құрамы заңдардың ерекшелігіне, бағыттарына байланысты өзгеріп тұрады. Ал халық өзінің арыз-шағымын, ұсыныс-талаптарын палатаның хатшылығына жолдап, тіркей алады. Тіпті әлеуметтік желіде отырған депутаттарға да жолдай алады. Еске сала кетейік, Қоғамдық палата құру туралы ұсыныс Ұлттық құрылтайда айтылған болатын. Енді палата құрамын жасақтап алған соң осы жазда немесе күзде жұмысын бастауы мүмкін.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.