0:00 / 0:00
Бір сәттік әзілдің соңы бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына ұласуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі терроризм туралы жалған хабар таратудың салдары ауыр екенін ескертіп, қазақстандық жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар берген 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың жетеуі - 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Олар телефон, электронды пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жарылғыш зат қойылғаны, өрт қою жоспарланғаны және басқа да қауіптер туралы жалған ақпарат таратқан. Полицияның айтуынша, кейбір жасөспірім мұндай әрекетті әзіл немесе көпшіліктің назарын аударудың амалы деп қабылдайды. Алайда мұндай хабарламадан кейін мектептер, ауруханалар мен өзге де мекемелер эвакуацияланып, оқиға орнына полиция, құтқарушылар мен арнайы қызметтер жұмылдырылады. Салдарынан жүздеген адамның күнделікті тіршілігіне кедергі келіп, мемлекеттік ресурстар босқа жұмсалады. Министрлік терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды. Бұл қылмысқа бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлілер шұғыл қызметтердің шақыртуға шығуы мен жұмысына кеткен шығынды өтеуге міндеттелуі мүмкін. Яғни бір сәттік ойланбай жасалған әрекет жасөспірімнің өзіне ғана емес, отбасына да ауыр салмақ түсіреді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларының интернеттегі әрекеті мен кіммен араласатынына назар аударуға шақырды. Сондай-ақ полиция азаматтарға тексерілмеген ақпаратты таратпауға және қауіп туралы хабарлама алған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға кеңес береді.







