0:00 / 0:00
Қостанай облысында 10 жастағы оқушыға қатысты зорлық-зомбылық жасалды деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, оған сабақ уақытында алтыншы сыныпта оқитын екі оқушы әлімжеттік жасаған. Баланың анасы полицияға арыз түсірген. Алайда облыстық Полиция департаменті әзірге зорлық-зомбылық фактісін растаған жоқ. Өйткені қажетті сараптамалардың қорытындысы әлі дайын емес. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр. Полиция өкілдері тексеру аяқталмай тұрып, асығыс тұжырым жасамауға шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін ескертті. Ал өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір ең бастысы - баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отбасына қажетті қолдау көрсету.







