0:00 / 0:00
Қазақ тілінің қолданыстағы ережелері қайта қаралып, сөздіктер жаңартылады. Сондай-ақ тілдік нормаларды біріздендіретін бірыңғай цифрлық платформа жасалады. Бұл бағыттағы ауқымды жұмысқа отандық ғалымдар мен тіл мамандары кіріспек. 17 қарашада Ақордада вице-президент Ерлан Қариннің қатысуымен тіл саласының өкілдері бас қосты. Жиында қазақ тілінің орфографиялық нормаларын жүйелеу, сөздіктер мен анықтамалықтарды жаңарту және оларды электронды форматқа көшіру мәселелері талқыланды. Ерлан Қариннің айтуынша, бұл бастама жақында өткен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында Мемлекет басшысы көтерген міндеттерге негізделген. Жоба қазақ тілін бүгінгі қолданысқа сай реттеп қана қоймай, оның алдағы дамуына да берік негіз қалауы тиіс. Сондықтан бұл жұмысқа ең алдымен ғалымдар мен кәсіби мамандар тартылмақ. Жоба аясында тілдік нормалар мен ережелерге арналған алты анықтамалық әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық және терминологиялық бағыттарды қамтитын 19 негізгі сөздік жасалады деп күтілуде. Бұдан бөлек, тоғыз академиялық аударма сөздігі дайындалмақ. Жаңа еңбектердің барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» атты ұлттық цифрлық платформаға орналастырылады. Осылайша тілдік ережелер мен сөздік қорды бір жерден табуға мүмкіндік туады.







