0:00 / 0:00
Астана қаласындағы мектептердің бірінде төтенше жағдай орын алды. Жоғары сынып оқушысы екі сыныптасын пышақтап жарақаттаған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 11-сынып оқушысы сабаққа суық қару алып келіп, өзімен қатарлас екі қызға шабуыл жасаған. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі жағдайлары тұрақты деп бағаланып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шабуыл жасаған оқушы Психикалық денсаулық орталығына жіберіліп, профилактикалық есепке қойылған. Ал оның ата-анасы бала тәрбиесіндегі олқылықтар үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар мектептегі күзет қызметінің жұмысына тексеру басталды. Анықталған кемшіліктерді жою жөнінде қалалық білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ресми ұсыныстар жолданды.







