Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ҚазҰУ-да студент өлімінен кейін проректор мен декан қызметінен босатылды

c 15:35, 19/11 c 1

0:00 / 0:00

Бір айдың ішінде бір университетте екі студенттің қаза табуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің өлімінен кейін басшылық құрамында кадрлық өзгерістер болды. Әлеуметтік даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Университет әкімшілігінің хабарлауынша, мұндай шешім жатақханадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қоса алғанда, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қабылданған. Оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер де жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекетіне құқықтық баға беріліп жатыр. Сонымен қатар барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілген. Студенттерге кәсіби психологиялық көмек көрсету де қолға алынған. Университет басшылығы тергеу органдарымен толық ынтымақтастық орнатып, марқұмның отбасымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді. Ал әлеуметтік желілерде студенттің өліміне қатысты түрлі мәлімет тарады. Болжам бойынша, жоғары курс студенттері кіші курс студенттерінен ақша талап еткен. Осыдан кейін жанжал туындаған. Желіде тараған ақпаратқа қарағанда, жанжал кезінде екінші курс студенттерінің бірі бірінші курс студентінің іш тұсынан бірнеше рет ұрған. Жас жігіт есінен танып құлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтаған. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге іш тұсынан алған жарақат салдарынан жүрек қызметінің рефлекторлық тоқтауы себеп болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болғаны белгілі болды. Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстаған. Тергеу жалғасып жатыр. Айта кетейік, бұл - университет аумағында бір айға жетпейтін уақытта болған екінші өлім. 6 қарашада студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын қыздың мәйіті табылған еді. Ол оқиғаға қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Алайда тергеу құпиясына байланысты полиция әзірге өзге ақпарат жариялаған жоқ.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.