0:00 / 0:00
Оралдан Дубайға ұшатын жолаушылар үшін жаңа мүмкіндік. FlyArystan әуе компаниясы екі қала арасындағы тікелей рейстерге билет сатуды бастады. Алғашқы ұшақ 24 желтоқсанда көкке көтеріледі. Бағыт бойынша рейстер аптасына бір рет, әр бейсенбіде орындалады. Ұшақ Оралдан таңғы сағат 6:20-да ұшып, Дубайға жергілікті уақытпен 11:55-те жетеді. Ал кері бағыттағы рейс сағат 13:00-де жолға шығып, Оралға 20:25-те қонады. Билет бағасы Оралдан Дубайға қарай 65 мың теңгеден, ал кері бағытта 66 мың теңгеден басталады. Әуе компаниясының президенті Йохан Эйдхагеннің айтуынша, ең тиімді тарифтер сапарын алдын ала жоспарлап, билетті ертерек сатып алған жолаушыларға қолжетімді. Ал багажды тіркеу мен ұшақ салонындағы орынды таңдау сияқты қосымша қызметтерді жолаушылар өз қалауынша рәсімдей алады. Билеттерді FlyArystan компаниясының ресми сайты, мобильді қосымшасы және басқа да сату арналары арқылы сатып алуға болады. Айта кетейік, бұған дейін әуе компаниясы Ақтау мен Дубай арасындағы тікелей рейстерді қайта ашатынын хабарлаған еді. Ал Біріккен Араб Әмірліктеріне бару үшін Қазақстан азаматтарына алдын ала виза алу қажет емес. Елде 30 күнге дейін визасыз болуға рұқсат етілген. Дегенмен төлқұжаттың жарамдылық мерзімі кемінде алты ай болуы тиіс.







