0:00 / 0:00
Ақтөбе қаласында жүргізілген арнайы операция барысында жедел уәкілдер 10 келі психотроптық зат тәркіледі. Осылайша, есірткі дүкенін заңсыз заттармен қамтамасыз ету арнасы әшкереленді. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қылмыстық топ көлеңкелі нарыққа тән қалыптасқан жүйе бойынша әрекет еткен. Олардың қатарында есірткі сақтайтын қоймаға жауапты тұлғалар, жасырын байланыс операторлары және өзге де сыбайластар болған. Күдіктілер жеке тұрғын үйді жалға алып, оны есірткі заттарын өлшеп, буып-түю цехы ретінде пайдаланған. Тінту барысында үйден құрамында тыйым салынған заттар бар бес пакет табылды. Ұсталғандар қылмысын мойындап, орман ішіндегі жасырын қойманың орнын көрсеткен. Ол жерден полицейлер есірткі салынған тағы он қаптама тәркіледі. Аса ірі мөлшерде есірткі сату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды. Оларға мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.







