0:00 / 0:00
Ақтау қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары жылудың берілмеуіне байланысты наразылық білдірді. 4 қараша күні кешкі уақытта «Отрар Сити» тұрғын үй кешендерінің ондаған тұрғыны үйлерінің алдына жиналып, жолды жабуға әрекет жасаған. Тұрғындардың жаппай жиналған сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен қала әкімі барған. Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық тәртіп бұзылмаған, ешкім ұсталған жоқ. Ал қала әкімдігінің хабарлауынша, жылу берудегі іркіліске жылу желілеріндегі бекіту арматурасының істен шығуы себеп болған. Ақауды жөндеу жұмыстарына байланысты 4 қараша күні «Отрар Сити» тұрғын үй кешеніндегі үйлерге жылу беру уақытша тоқтатылған. Кешкі уақытта жылу беру қайта қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенін жылумен қамтамасыз ету мәселесі қала әкімінің жеке бақылауында.







