0:00 / 0:00
Қазақстан экономикасының өсімі жыл басынан бергі он айдың қорытындысы бойынша 4,5 пайызды құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жалпы ішкі өнімнің өсімі өткен тоғыз айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа артқан. Экономикалық өсімге негізінен шикізаттық емес сектор үлес қосқан. Бұл бағыттағы өндіріс көлемі алдын ала есеп бойынша 5,6 пайызға ұлғайды. Ал өнеркәсіп өндірісінің жалпы өсімі 3,5 пайыз болды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің қарқыны күшейіп, он айда 9,3 пайызға жетті. Әсіресе фармацевтика саласында айтарлықтай өсім байқалады. Дәрі-дәрмек өндірісі 50,9 пайызға артқан. Сондай-ақ дайын металл бұйымдарын шығару 30,4 пайызға, машина жасау 22,2 пайызға, химия өнеркәсібі 21,9 пайызға өсті. Резеңке және пластмасса өнімдерін өндіру 18,1 пайызға, азық-түлік өндірісі 13 пайызға артқан. Бұдан бөлек, құрылыс саласындағы өсім 13,1 пайызды құрады. Көлік және қоймалау қызметтері 7,5 пайызға, сауда 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығы 5,2 пайызға, байланыс саласы 4,9 пайызға өскен. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, елдегі экономикалық белсенділіктің артуына өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес сектордың дамуы негізгі серпін беріп отыр.







