0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін заңсыз көтерген 147 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 2 миллион 249 мың теңгеден асады. Заң бойынша мұндай тауарлардың бөлшек саудадағы үстеме бағасы 15 пайыздан аспауы тиіс. Облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Киматованың айтуынша, жыл басынан бері сауда орындарына бақылау жүргізіліп, талапты бұзған кәсіпкерлер анықталған. Олардың қатарында 95 шағын кәсіпкерлік өкілі, яғни үй жанындағы дүкендер, 46 көтерме сауда компаниясы және алты сауда желісі бар. Тексеру барысында картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз секілді көкөністерге, бірінші санаттағы жұмыртқаға, қарақұмық жармасына, қант пен тұзға белгіленген мөлшерден артық үстеме қосу деректері тіркелген. Бұл тауарлар халықтың күнделікті тұтынуына қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына жатады. Бұдан бөлек, тауар бағасын теңгемен көрсетпеу немесе сөредегі баға мен кассада есептелген соманың сәйкес келмеуі де заң бұзушылық болып саналады. Осындай талаптарды орындамаған тағы 16 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы сомасы 730 мың 925 теңге айыппұл салынды. Департамент мамандары кәсіпкерлерді сауда талаптарын сақтауға шақырады. Ал тұтынушылар тауар бағасы сөреде көрсетілген құннан өзгеше болса немесе негізсіз қымбаттатылса, тиісті органдарға шағымдана алады.







