0:00 / 0:00
Ақтөбе теңізінің жағалауынан өлі құстар мен балықтардың табылуына байланысты жүргізілген тексеру нәтижесі жарияланды. Еске салайық, 28 қыркүйекте әлеуметтік желіде Ақтөбе теңізінің жағасынан өлі шағалалар мен балықтардың табылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл туралы танымал блогер жазба жариялаған. Осыдан кейін оқиға орнына тиісті инспекциялар мен экология департаментінің мамандары барған. Мамандар су сынамаларын алып, құрамына зертханалық талдау жүргізген. Атап айтқанда, аммиак, темір, мұнай өнімдері және өзге де зиянды қосылыстардың мөлшері тексерілген. Алайда зерттеу нәтижесінде рұқсат етілген көрсеткіштен асатын заттар анықталмаған. Бұл туралы Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадин хабарлаған. Ал Тобыл-Торғай бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының айтуынша, су айдынында балықтардың жаппай қырылуы тіркелмеген. Бейнежазбада көрсетілген бір ғана өлі көксерке табылған. Мамандар оны балықшылар қалдырып кетуі мүмкін деген болжам айтып отыр. Дегенмен құстардың неден өлгені әзірге белгісіз. Бұған дейін аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы Алексей Гогель шағалалардың улануы мүмкін екенін айтқан. Оның болжамынша, құстар күн сайын теңіз жағалауынан қоқыс полигонына ұшып барып, қалдықтармен қоректенген кезде зиянды заттарды тұтынуы ықтимал. Алайда бұл болжам әзірге ресми түрде расталған жоқ.







