0:00 / 0:00
Атырауда 13 жастағы мектеп оқушысына пышақпен шабуыл жасаған 16 жастағы жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Істі алқабилердің қатысуымен қараған сот осындай үкім шығарды. Оқиға биыл 13 наурызда BINOM мектебінде болған. Тергеу барысында жасөспірімнің қылмысқа бірнеше күн бойы дайындалғаны анықталды. Оның ұялы телефоны мен дәптерінен қоғамнан кек алу, тіпті ата-анасын өлтіру туралы жазбалар табылған. Сондай-ақ сот отырысында бейнебақылау камераларының жазбалары дәлел ретінде ұсынылды. Қайғылы оқиға болған күні жасөспірім алдымен мектептен шығып кеткен. Кейін сөмкесіне бірнеше пышақ пен басқа да заттарды салып, қайта оралған. Кіреберісте күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, ғимаратқа еш кедергісіз кірген. Сөмкесі тексерілмеген. Мектеп дәлізінде ол өзіне бұрын таныс болмаған 13 жастағы қызға шабуыл жасап, бес рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған оқушы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды. Сот барысында айыпталушы кейбір жазбалардың авторы екенін мойындамай, әрекетін сол сәтте есінен адасумен түсіндірген. Алайда сот-психиатриялық сараптама оның ақыл-есі дұрыс екенін және қылмыс кезінде өз әрекетіне жауап бере алғанын анықтады. Сот үкімімен жасөспірім Қылмыстық кодекстің 24 және 99-баптары бойынша кінәлі деп танылды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін тергеу изоляторында өткізген әр күні жаза мерзіміне бір жарым күн болып есептеледі.







