0:00 / 0:00
Қазақстанда дәрігердің рецептімен ғана босатылатын дәрілік препараттарды маркетплейстер арқылы сатуға және жеткізуге тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратов мәлімдеді. Қазір осы бағыттағы заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр. Вице-министрдің айтуынша, министрлік қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу жұмыстарын жүргізуде. Негізгі мақсат - ірі маркетплейстерді қоса алғанда, түрлі цифрлық платформалар арқылы рецепттік дәрілерді қашықтан сатуға жол бермеу. Бұл үшін арнайы нормативтік құжат әзірленіп жатыр. Онда мұндай саудаға тікелей тыйым салу көзделген. Алайда жаңа талаптардың нақты қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі құжатты әзірлеу жұмысын жеделдетуге ниетті екенін мәлімдеді. Айта кетейік, рецептпен берілетін дәрілерді тек дәрігердің тағайындауы және бақылауымен қолдану қажет. Ал оларды интернет арқылы еркін сату азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ведомство дәрілік заттардың онлайн айналымына қойылатын талаптарды күшейтіп, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюды көздеп отыр.







