0:00 / 0:00
8 қарашадан бастап Қазақстанда электр энергиясын пайдалану тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Жаңа талаптар электр желілеріне қосылу, есептегіш құралдарын орнату мен ауыстыру, электр энергиясына ақы төлеу және көпқабатты үйлерді басқару мәселелерін қамтиды. Енді электр есептегіштері көрсеткіштерді автоматты түрде жіберу жүйесімен жабдықталуы тиіс. Жаңа нысандар салу немесе ғимараттарды қайта жаңғырту кезінде мұндай құрылғыларды орнату шығынын тұтынушы төлейді. Ал бұрыннан орнатылған есептегіштерді ауыстыруға кететін қаражат тарифте қарастырылған жағдайда, электр желілерін тасымалдаушы ұйым есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар тұтынушылар мамандарға қажетті жұмыстарды орындау үшін есептегіштерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті. Көпқабатты үйлерде электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттар енді әр тұрғынға жеке берілмейді. Құжат үйді басқару органының уәкілетті өкіліне тапсырылады. Бұдан бөлек, ортақ пайдаланылатын электр жабдықтарының жай-күйі мен қауіпсіздігіне жауапкершілік үйді басқару органдарына жүктеледі. Оған кіреберіс, аула, жертөле мен шатырдағы жарықтандыру жүйелері, сондай-ақ ортақ есептегіштердің сақталуы кіреді. Бұл міндеттер мүлік иелерінің бірлестік төрағаларына, үй кеңестеріне және басқа да басқару органдарына жүктеледі.







