Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ҚАНДАСТАРДЫ ҚОЛДАУ

c 09:42, 10/11/2021 c 441

0:00 / 0:00

Сенаторлар Ақмола облысындағы Аршалы ауданында болып, жұмыс күші артық өңірлердің азаматтарын жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру мәселесін қарау жөніндегі отырысқа қатысып, ауыл халқымен кездесті. Сенаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл кездесуде депутаттар қандастарды көшіру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, қандастарға салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.
Ата жұртына оралған қандастарды ел ішінде орналастыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ақмола облысының Аршалы ауданына сапарында сенаторлар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жүзеге асырып жатқан «Асар» пилоттық жобасымен танысты. Жоба еліміздің солтүстігіне оңтүстіктегі қандастардың қоныс аударуына жәрдемдесуге бағытталған. Елордадан ондаған шақырым жердегі ауылда біркелкі 1 282 коттедждің құрылысы бой көтеріп жатыр. Бұған 1 млрд теңгеден астам қаржы инвестицияланды. Ал тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде жолдар мен су құбырларын салу үшін республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінді. Енді 8 мың тұрғыны бар жаңа ауыл жанданбақ.

Басты мақсат жұмыс күші көп өңірдің азаматтарын жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру болып отыр. Әрине көші-қон кезінде адамдар жиі қиындықтарға тап болып жатады. Жылы жақтан, суық жақтың климатына үйренудің өзі оңайға соқпасы анық. «Асар» жобасы аясында қоныс аударушыларды жұмыспен қамту үшін ауыл маңында жылыжайлар, бордақылау және ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын сауда алаңдарын салу жоспарланып отыр. Бұл 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, оңтүстіктен солтүстікке көшкен отбасының әр мүшесіне берілетін бір реттік төлем 102 мың теңгені құрайды. Үкімет жоба аясында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына көшіруді көздеп отыр. Баспана жалдап, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен бастап ақша беріледі. Қалада тұрсаңыз 58 мың теңге, ауылға көшсеңіз ай сайын 43 мың теңге аударады. Биыл 2 мың отбасын көшіру жоспарланған.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.