0:00 / 0:00
Қазақстанда жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету тәртібі өзгерді. Енді азаматтар жедел жәрдем көлігінің шақырту орнына қарай қозғалысын нақты уақытта бақылай алады. Жаңа ережеге сәйкес, жедел жәрдем шақырудың 103 нөмірінен бөлек, мобильді қосымшалар, мессенджерлер мен чат-боттар арқылы да өтініш беруге болады. Қажет болған жағдайда шақырту кезінде геолокацияны көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бригада жолға шыққаннан кейін науқасқа автоматты хабарлама келеді. Ал арнайы геосервис арқылы жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын онлайн көруге болады. Шақырту қызмет көрсету жылдамдығына қарай төрт санатқа бөлінеді. Бірінші санаттағы шақыртуға бригада 10 минутқа дейін, екінші санатқа 15 минутқа дейін, үшінші санатқа 30 минутқа дейін жетуі тиіс. Ал өмірге тікелей қауіп төндірмейтін шұғыл жағдайларға медициналық көмек 60 минутқа дейін көрсетіледі. Сонымен қатар жедел жәрдем көліктері GPS-бақылау және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталмақ. Диспетчерлер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рациялар, бейнетіркегіштер мен мобильді камералар да қолданылады деп күтілуде. Жаңа тәртіп бойынша жедел жәрдем шақыртуларының орындалуы автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Диспетчерлердің азаматтармен сөйлескен қоңыраулары кемінде екі жыл сақталады деп жоспарлануда. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қол қойған жаңа ережелер 13 қазаннан бастап күшіне енеді.







