0:00 / 0:00
Астанада заңсыз интернет-казинолардың жұмысына қатысты тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер «Nomadgames» және «Sultangames» сайттары арқылы құмар ойындарды ұйымдастырған. Олар ойыншылардан ақша қабылдау үшін банк жүйелерін, төлем терминалдарын, электрондық әмияндар мен криптовалютаны пайдаланған. Ал қаржы аударымдары заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет ретінде көрсетілген. Тергеу барысында электрондық терминалдар арқылы 188 миллиард теңгеден астам қаражат айналымға түскені анықталған. Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасалған. Соның негізінде күдіктілер бақылауындағы компанияның шоттарына 10 миллиард теңге аударылып, кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталған. Ақша күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген.







