0:00 / 0:00
Павлодарда тісін емдеткеннен кейін комаға түскен үш жасар қыздың жағдайына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Оқиғаға байланысты клиника түсініктеме берді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеріс жүргізетінін хабарлады. Оқиға бір апта бұрын болған. Стоматологиялық клиниканың баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық ем-шаралар Қазақстан Республикасының медициналық хаттамаларына сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін ресми тексеріс жүріп жатыр. Клиника өкілдері тексеріс аяқталмайынша медицина қызметкерлерінің кінәсі туралы қорытынды жасауға ерте екенін атап өтті. Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, қыз бала жансақтау бөліміне аса ауыр жағдайда жеткізілген. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты ауыр күйде қалып отыр. Құқық қорғау органдары да оқиғаны тексеріп жатыр. Қазір бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттелуде. Тексеру қорытындысы бойынша заң талаптарының сақталуына және медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі де пікір білдірді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің медициналық бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Дәурен Бугембаевтың айтуынша, ата-ананың өтініші негізінде Павлодар облысындағы аумақтық департамент жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Тексеру нәтижесінде Қазақстан заңнамасы талаптарының сақталуына баға берілмек. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.







