0:00 / 0:00
Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы әзірге іске қосылған жоқ. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ хабарлады. Бұған Экология министрінің 2026 жылғы 25 қазанда күшіне енген жаңа бұйрығы себеп болды. Құжатта отандық өндірістен шыққан жаңа автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде жеңілдік сертификаттарын беру және пайдалану тәртібі айқындалған. Алайда бұйрықтың күшіне енуі ескі көліктерді кәдеге жаратуға қабылдау басталды дегенді білдірмейді. Қазіргі уақытта ескі автокөлікті тапсырып, оның орнына сертификат алу мүмкін емес. Ведомствоның түсіндіруінше, қазір «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан автокөліктерді қабылдап, кәдеге жарататын компанияларды іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті келісімшарттар жасалғаннан кейін бағдарлама іске қосылатыны туралы ресми хабарланады. Сонымен қатар оған қатысу шарттары мен көлік қабылдау пункттерінің мекенжайлары жарияланады. Осыған байланысты қазақстандықтарға жаңа автокөлік сатып алғанда жеңілдік алу мақсатында ескі көліктерін тапсыруға әзірге асықпаған жөн. Көлік қабылдау басталатыны туралы қосымша хабарланады.







