0:00 / 0:00
Оралда ауызсу мен сарқынды суды бұру және тазарту қызметтерінің тарифтері айтарлықтай өсуі мүмкін. «Батыс су арнасы» ЖШС су тарату желілері арқылы жеткізілетін судың тарифін 92 пайызға, ал сарқынды суды бұру және тазарту қызметтерінің құнын 73 пайызға көтеруді ұсынып отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорынның өтінімін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті қарауда. Ұсынысқа сәйкес, 2027 жылы су жеткізудің бір текше метріне арналған тариф қосылған құн салығынсыз 373 теңге болуы мүмкін. Қазір бұл көрсеткіш 194 теңгені құрайды. Ал сарқынды суды бұру және тазарту қызметінің тарифін 279 теңгеден 484 теңгеге дейін көтеру ұсынылған. Кәсіпорын тарифті көтеру қажеттілігін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу, апаттардың алдын алу және инвестициялық жобаларды іске асыру қажеттілігімен түсіндіреді. Тарифтік өтінімді әзірлеу кезінде еңбекақы мен әлеуметтік аударымдар, электр энергиясы, жанар-жағармай, химиялық реагенттер, жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындары ескерілген. Тарифті қайта қарауға әсер ететін негізгі факторлардың бірі – коммуналдық желілердің тозуы. Жыл басындағы мәлімет бойынша, олардың тозу деңгейі 60 пайызға жеткен. Су құбыры мен кәріз желілерінің едәуір бөлігіне 40–50 жылдан асқан. Бұл апаттар мен судың үзілу қаупін арттырып, су жоғалтуларына әкелуі мүмкін. Қала әкімдігі ұсынылған тарифтер әзірге түпкілікті бекітілмегенін атап өтті. Олардың экономикалық негізділігі мен нақты мөлшері өтінімді қарау қорытындысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен анықталады.







