0:00 / 0:00
Қазақстанда фермерлерді қолдауға, мал шаруашылығын дамытуға және отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін арттыруға қосымша қаражат бөлу ұсынылып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, аграршыларды ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық қаржыны ұштастыру тетігі қарастырылған. Министрдің сөзінше, бұл ұзақ мерзімді қаржының қолжетімділігін арттырып, қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражат жеткіліксіз болған жағдайда да қаржыландыруды уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингіне купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды жалғастырып, оны агроөнеркәсіптік кешенді несиелендіруге бағыттау тапсырылған. Сапаровтың мәліметінше, биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы ұзақ мерзімді несие беруге 270 миллиард теңге қарастырылған. Оның 64,2 миллиард теңгесі қазірдің өзінде мал сатып алуға бағытталған. Жоспарланған міндеттерді толық орындау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы мал шаруашылығын қолдауға қосымша 84 миллиард теңге бюджет несиесін бөлу қажет. Бұдан бөлек, 2026 жылы Қазақстанның Даму банкі арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 35 миллиард теңге бөлу ұсынылып отыр. Ал отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту үшін биыл «ҚазАгроҚаржы» арқылы 50 миллиард теңге көлемінде бюджет несиесін қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар Құрылтай депутаттары «ҚазАгроҚаржыға» қосымша 37,5 миллиард теңге бөлуді ұсынып отыр. Бұл 2027 жылы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беруге 200 миллиард теңге тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуды жеңілдетілген несиелеуге 2027 жылы қосымша 50 миллиард теңге бөлу ұсынылған. Қаржыландыру сенімді агент арқылы жүзеге асырылмақ. Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландырудың тиімді тетіктерін әзірлеуді тапсырған болатын.







