0:00 / 0:00
Ақтөбе облысында уақытша ұстау изоляторынан қашқан сотталушы қайтадан сотталды. Ол енді екі жылын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өткізеді. Іс материалдарына сәйкес, Қарғалы ауданының 33 жастағы тұрғыны мас күйінде көлік жүргізгені үшін сотталған. Оның үстіне, ер адам сол кезде көлік басқару құқығынан айырылған болатын. Сот үкімі шыққаннан бірнеше күн өткен соң ол Бадамша ауылындағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен. Тергеу дерегінше, кешкі серуен кезінде сотталушы ішкі ауладан басқа серуендеу алаңына өтіп, қабырғаның бір бөлігін бұзған. Содан кейін ғимараттың шатырына шығып, тікенекті сымнан асып, изолятор аумағынан шығып кеткен. Алайда бостандықта ұзақ жүре алмады. Сол күні-ақ полиция оны ұстап алған. Сотта ер адам кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, изолятордан шыққан соң Кемпірсай ауылының маңын жаяу жүріп өтіп, Ақтөбеге қарай жолай көлікке отырған. Бірақ жол үстінде полицейлердің қолына түскен. Сот қашқаны үшін оған бір жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейінгі қылмысы үшін өтелмеген жазасы да ескеріліп, түпкілікті мерзім екі жыл болып белгіленді. Енді сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.







