0:00 / 0:00
Жетісу облысында полицейлер өртеніп жатқан жүк көлігінен 38 жылқыны аман алып қалды. Оқиға «Алматы - Өскемен» республикалық тасжолында болған. 24 қараша күні сағат 09:15 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері жол бойында Volvo маркалы жүк көлігінің өртеніп жатқанын байқайды. Көлік ішінде жануарлардың барын білген тәртіп сақшылары дереу оларды құтқаруға кіріскен. Қызметтік көліктегі өрт сөндіргіштерді пайдаланып, жалынды ауыздықтауға да әрекет жасаған. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін полицейлер 38 жылқыны көліктен түгел шығарып, қауіпсіз жерге жеткізген. Жүргізушінің айтуынша, ол жылқыларды Құршымнан Шымкентке тасымалдап бара жатқан. Алайда жол үстінде жүк көлігі кенеттен отқа оранған. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында барлық жануар аман қалды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.







