0:00 / 0:00
Қазақстанда швейцариялық технологиямен жасалған жаңа жолаушылар вагондары қатынай бастайды. 5 қарашадан бастап жаңа вагондармен жүретін алғашқы пойыздарға билет сату басталды. Олар Қазақстанда швейцариялық компанияның технологиясы бойынша құрастырылған. Алғашқы пойыз Астанадан Алматыға 11 қарашада, ал Семейге 13 қарашада жолға шығады. Билеттерді «Қазақстан темір жолы» компаниясының ресми сайтынан және теміржол кассаларынан сатып алуға болады. Астана - Алматы бағыты бойынша пойыз күн сайын қатынайды. Ал Семейге баратын құрам айдың тақ күндері жүреді. Жаңа вагондар жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бейімделген. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жолаушыларға ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тағамдар ұсынылатын буфет вагондары да қарастырылған. Купе вагондарында 40 орын, ал плацкарт вагондарында 56 орын болады. Қазір ұлттық тасымалдаушының иелігінде осындай 100 жаңа вагон бар. Ал 2030 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» заманауи вагондар санын 557-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл елдегі жолаушылар теміржол көлігін жаңғырту бағытындағы ірі жобалардың бірі болмақ.







