0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында бұрын-соңды кездеспеген жыртқыштың ізі табылды. Орманшылар өңір аумағында аю пайда болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Мамандардың болжамынша, жануар көршілес Ресейден келуі ықтимал. Ерекше іздер 2 қарашада Январцев орман шаруашылығы аумағынан анықталған. Орманшылар табылған ізді видеоға түсіріп алған. Бейнежазбада іздің аюдың табанына ұқсайтыны айтылған. Алайда бұл аумақта бұрын аю кездеспеген. Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің айтуынша, өңірге жақын орналасқан Ресейдің Орынбор облысындағы Ташлы ауданында аңшылық маусымы ашылған. Оның ішінде аю аулауға да рұқсат берілген. Сондықтан жыртқыш Жайық өзені арқылы өтіп келуі мүмкін деген болжам бар. Дегенмен әзірге аюдың өзін ешкім көрмеген. Орманшылар мен Бөкейорда резерватының қызметкерлері аумақты бақылауды жалғастырып жатыр. Айта кетейік, көршілес Орынбор облысында аюлардың саны артып келеді. Ресейлік мамандардың мәліметінше, бір жыл ішінде олардың саны 85-тен 121-ге дейін өскен. Осыған байланысты 2026-2027 жылғы аңшылық маусымында қоңыр аю аулау лимиті 20-дан 29 басқа дейін көбейтілген.







