0:00 / 0:00
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемнің әйгілі гроссмейстерлерінен жоғары нәтиже көрсетті. Будапештте өтіп жатқан халықаралық турнирдің топтық кезеңінде ол Магнус Карлсен мен Нодирбек Абдусатторовтан көп ұпай жинады. Екі турдан кейін қазақстандық спортшының еншісінде бес ұпай бар. Ол D тобында төртінші орында келеді. Ал әлемнің ең үздік шахматшыларының бірі Магнус Карлсен С тобында төрт ұпаймен бесінші орында. Өзбекстандық Нодирбек Абдусатторов та дәл осындай ұпай жинаған. Айта кетейік, Бибісара Асаубаева турнирдің блиц бойынша алдын ала кезеңін сәтсіз бастап, қатарынан сегіз партияда жеңіліп, 24 қатысушының ішінен соңғы орынға тұрақтаған еді. Алайда топтық кезеңде нәтижесін жақсартты. 11 қарашада америкалық Уэсли Сомен екі партияда тең түсті. Ал келесі күні үндістандық Арджун Эригайсимен жеңісті бөлісті. Бұл шахматшы Асаубаеваның мансабындағы рейтингі ең жоғары қарсыласы болды. Бұл турнир 10-20 қараша аралығында өтеді. Додаға 24 шахматшы қатысып жатыр. Жалпы жүлде қоры - 650 мың АҚШ доллары.







