0:00 / 0:00
Тергеу барысында анықталғандай, Туғанбаев Н.М. бастаған қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары шамамен 90 мың азаматтан жалпы сомасы 25 миллиард теңге қаражат тартқан. Олар салымшыларға ай сайын 30 пайызға дейін табыс алуға уәде берген. Сотталғандар салымшыларды алдап, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын, тігін цехы, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп жатқанын айтқан. Алайда іс жүзінде өнімдер сыртқы жеткізушілерден сатып алынып, оған «Asar Baspana» логотипі жапсырылған. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қаржы пирамидасының қызметіне деген азаматтардың сенімі төмендей бастаған. Осыған байланысты ұйымдастырушылар автодүкендер ашылып, дилерлермен серіктестік орнатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Ал шын мәнінде автокөліктер салымшылардың қаражатына сатып алынып, туыстарының атына рәсімделген.







