0:00 / 0:00
Әлеуметтік желіде бал ашып, болашақты болжайтын немесе тылсым күшке ие екенін мәлімдейтін азаматтардың контентіне арнайы ескерту белгісі қойылуы мүмкін. Қазақстанда мұндай қызметтерді жарнамалайтын авторлар оның ойын-сауық сипатында екенін және ғылыми тұрғыда дәлелденбегенін көрсетуге міндеттелмек. Бұл талап онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары мәселелеріне қатысты заң жобасына енгізілген. Құжат Президент тапсырмасын орындау аясында әзірленген. Жобаға сәйкес, заңнамаға «оккульттік қызметтер» деген жаңа ұғым енгізіледі. Оған табиғаттан тыс, паранормальды немесе ғылыми тұрғыда расталмаған қабілеттерге негізделген қызмет түрлері жатқызылады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің түсіндіруінше, мұндай контент жариялаған авторлар оның ғылыми немесе тәжірибелік дәлелі жоқ екенін ескертуі тиіс. Талап орындалмаған жағдайда әлеуметтік желідегі аккаунттың жұмысы шектелуі мүмкін. Айта кетейік, заң жобасын Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.







