Қазақстанда сұйытылған мұнай газының көтерме бағасын бұрынғы деңгейде сақтау жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі. Құжат мақұлданса, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ішкі нарыққа тауар биржаларынан тыс сатылатын газдың шекті көтерме бағасы өзгермейді. Еске салайық, 2026 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін газдың бір тоннасына белгіленген шекті баға қосылған құн салығын есептемегенде 59 мың 722 теңгені құрайды. Бұйрық жобасы «Ашық Нормативтік Құқықтық Актілері» порталында жарияланды. Құжатты қоғамдық талқылау 27 қарашаға дейін жалғасады.







