0:00 / 0:00
Каспий теңізіндегі әскери қызметшілердің қазасына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Қазір әскери-тергеу органдары істі тергеу амалдарын аяқтап, материалдарды қылмыстық процеске қатысушылардың танысуына ұсынуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында 300-ден астам адамнан жауап алынған. Сондай-ақ 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген. Қылмыстық істің барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында. Еске салайық, 2026 жылғы 22 қыркүйекте Каспий теңізінің Қазақстан аумағындағы бөлігінде «Хазар қорғаны-2026» әскери оқу-жаттығуы басталған. Ал 24 қыркүйекте ауа райының күрт нашарлап, қатты жел соғуы салдарынан теңізге 17 адам кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі аман қалған. Кейін із-түзсіз кеткен екі әскери қызметшінің де мәйіті табылды. Осылайша, қайғылы оқиғадан барлығы 14 әскери қызметші көз жұмды. Осы іске байланысты қызметіне салғырт қарады және кеме жүргізу ережелерін бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның орынбасарлары, әскери бөлім командирлері мен катер капитаны бар. Оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. 2026 жылғы 3 қазанда Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров, Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмақаев және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков те қызметтерінен босатылды. Кейін Қанат Ниязбеков осы қылмыстық іс аясында ұсталды Қазіргі уақытта тергеу амалдары аяқталуға жақын. Ал сотқа дейінгі тергеудің өзге мәліметтері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.







