0:00 / 0:00
Ақмола облысында сүйіктісін соққыға жығып, оның өліміне себеп болған ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Істі Бурабай аудандық соты қарады. Сот материалдарына сәйкес, Щучинск қаласының тұрғыны мен жәбірленуші 2024 жылдан бері бірге жұмыс істеп, жақын қарым-қатынаста болған. Алайда қызғаныштан араларында жиі жанжал туындаған. 2026 жылдың маусымында екеуі ер адамның пәтерінде кездесіп, қарым-қатынас мәселесін талқылаған. Сол кезде ішімдік ішіп отырған олардың арасында тағы да жанжал шыққан. Ер адам әйелдің беті мен денесіне бірнеше рет жұдырықпен соққы жасаған. Әйел есінен танып, ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмған. Сараптама қорытындысы бойынша, әйелдің бауыры жарылып, ішкі қан кету салдарынан геморрагиялық шоктан қайтыс болған. Сот үкімімен ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 12 миллион теңге, ал материалдық шығын мен өкілдің қызметіне жұмсалған қаражат үшін жалпы 2 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылданды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.







