Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ТАРАЗДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТА ҚАЗА ТАПҚАНДАР БАР

c 09:45, 31/08/2021 c 411

0:00 / 0:00

Елді есеңгіреткен Тараздағы жарылыста қаза тапқандар саны 9-ға жетті. Еске салайық, 26 тамызда кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойманың маңынан өрт шығып, жарылыс болды. Алапат жарылыста  90-ға жуық адам зардап шекті. Алты адам ауруханада ауыр халде жатыр. Табылмай жатқандар да бар. Орын алған қайғылы оқиғаға қатысты Қылмыстық іс қозғалды. Әскери қоймаға жақын орналасқан ауылдардың халқы қауіпсіз жерге көшірілуде. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, әскери қоймаға әдейі өрт қойылуы да мүмкін. Бұл жайында Жамбыл өңірінде өткен шұғыл брифингте мәлім болды.

2019 жылы орын алған Арыстағы алапат жарылыстан енді ес жия бастағанда, қазақ елі тағы да түңіренді. Бұл жолы Тараздағы әскери қоймада жарылыс болды. 26 тамызда кешкі сағат 19:00 шамасында  Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімге қарасты қоймалардың бірінен өрт шығып, ондаған жарылыс болды. Өртті сөндіруге әскери бөлімнің жеке құрамы мен құтқарушылар жұмылдырылды. Әскери техника тартылды.

Алайда,өрт сөндірушілердің күш-жігеріне қарамастан, өрт шыққаннан кейін тоқтаусыз жарылыстар болды.Барлығы 10-нан аса жарылыс орын алды. Үрейленген жергілікті тұрғындар үйлерін тастап, жақын маңдағы ауылдарға, тіпті Шымкент қаласына кетіп жатты. Әлеуметтік желіде тараған бейнетүсірілімде ғимараттар қирағанын көруге болады.  Ал Тараз қаласындағы аурухана маңында жарылыста жараланғандардың туғандары жиналып қалды. Жолдар жабылып, темір жол қозғалысы тоқтатылды. Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыстан зардап шеккендердің саны 90 адамға жетті, 9 адам қаза тапты. Ауруханада ауыр халде жатқандар саны алты адамды құрайды.

Жарылыс орнында табылмай жатқан адамдар да бар.

ЮРИЙ ИЛЬИН – ҚР  ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ «Бірнеше қызметкеріміз байланысқа шықпай қалды. Оларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.»

Қорғаныс министрінің айтуынша, бұл қоймада тек инженерлік оқ-дәрілер ғана емес, сонымен қатар аз мөлшерде ұшу қашықтығы тұрғысынан қауіпті заттар сақталған. Айта кету керек, Тараздағы жарылған оқ-дәрілердің  бір бөлігі екі жыл бұрын Арыс қаласынан шығарылған екен.

НҰРЛАН ЕРМЕКБАЕВ – ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ "Инженерлік оқ-дәрілер алысқа ұшып кетпейді. Олардың бір бөлігі екі жыл бұрын Арыс қаласынан шығарылған. Ұшу ауқымы жағынан қауіпті оқ-дәрілер бұл қоймада аз мөлшерде болды. Жарылыс болған жағдайда фрагменттердің максимал ұшу қашықтығы үш шақырымға дейін. Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды"

Министр қазір жарылыстар тоқтады деп отыр. Өрт әлі де бірнеше қоймаларда байқалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде Жамбыл облысында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты   қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Министр Ермекбаев Әскери қоймаға әдейі өрт қойылуы мүмкін деген алдын-ала болжамын айтты.

НҰРЛАН ЕРМЕКБАЕВ – ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ "Біз алдын ала болжам бойынша кез келген себепті жоққа шығара алмаймыз. Қауіпсіздік талаптары бұзылуы мүмкін. Химиялық реакция мен өзінен-өзі тұтану да бар. Сондай-ақ әдейі өрт қойылуы мүмкін немесе диверсияны да жоққа шығармаймыз"

Қазіргі кезде шұғыл тергеу тобы құрылып, жарылыстың себебін анықтауда.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.