Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

БИЗНЕСТІҢ ПРОБЛЕМАСЫ

c 09:41, 10/11/2021 c 526

0:00 / 0:00

Бизнестің алдында тұрған кедергілер бүгін өткен «Ақ жол» партиясының отырысында сөз болды. Карантиндік талаптар ел бизнесіне кері әсер етуде. Оған қоса шаш ал десе, бас алатын мониторингтік топтың сансыз тексерулерінен кәсіпкерлердің құқығы бұзылып отыр дейді партия өкілдері. Ақжолдықтар Ұлттық экономика министрлігінің басшылығымен Президенттің тапсырмасына сәйкес, қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынталандыруға, өзін-өзі реттеуге көшу мәселесін талқылады.

Өздеріңізге мәлім, карантиндік талаптарды орындамаған бизнес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қыруар айыппұлдар төлейді. Қауіпті індет өршіп тұрған кезде азаматтардың жүріп-тұруына шектеулер қойылды. Барлық қоғамдық орындар, мейрамхана, түнгі клубтар, сауда орындары не керек көпшілік баратын жерлердің бәрінде уақыт шектеулері болды. Сол кезде карантин талабын бұзғандарға еш аяусыз айыппұлдар салынып жатты. « Ақ жол» партиясының мүшелері, бизнесті тексеру үшін құрылған мониторингтік топ бұл сәтті өз пайдасына қолдануда деп талай мәселе көтерді. Карантин талаптарының орындалуын бақылайтын мониторингтік топ кей жерлерде пара алып, бұзушылықтарға көз жұмған сәттері де есімізде. Сол себепті мониторингтік топ жұмысы кәсіпкерлердің наразылығын тудыруда. Тіпті олардың тексеру жұмыстарында, жауапкершілікті мойнына алатын лауазымды тұлға жоқ дейді ақжолдықтар. Сондықтан партия жөн-жосықсыз шектеулерді алып тастауды ұсынады. Бизнес өкілдеріне қойылған талаптар шектен шыққан деп отыр. Шектеулер кәсіпкерлікті тығырыққа таяды. Көптеген мейрамханалар той –домалақты, еске алу астарын жасырын өткізіп те жатты. Осындай бұзушылықтар болмас үшін, мониторингтік топтардың жұмысын біріздендіріп, заңдастыру керек дейді партия басшысы.

Карантиндік талаптарды орындаймыз деп, шаш ал десе бас алатын тексеру тобының жұмысынан, көптеген бизнес көзі жабылып та қалды. Ал құзырлы органдардың сансыз тексерістерінен кейбір кәсіпкерліктің жабылып қалуында заңсыздық орын алған жағдайда шығын бюджеттен өтеледі. Бұл орайда ақжолдықтар мұндай шығындарды құзырлы орган өкілдері өз қалтасынан өтеуі тиіс деп отыр. Алайда, экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов бұл ұсынысты қолдамады. Яғни қазынаға жүк түсе береді. шум
Өздеріңізге мәлім, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "таза парақтан" реттеуді енгізу бойынша заң жобасын қабылдауды ұсынғанды. Яғни бизнеске қатысты шектен тыс реттеуге жол бермеу, кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды соттан тыс қайта қарау механизмін енгізу көзделген. Президент аталған заң жобасын жылдың аяғына дейін қабылдауды жүктегенді. Ал жақында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бизнесті тексерулерге енгізілген мораторийді алып тастауды ұсынған болатын. Партия серкесі, министрдің бұл ұсынысы Президенттің саясатына қарсы шығумен тең деп бағалап отыр.

Айтпақшы, елорда әкімшілігінің карантиндік шектеулерге қатысты жаңа талабы шықты. Енді «ashyq» статусы «көк» түсті азаматтар тек демалыс күндері ғана емес, жай күндері де қоғамдық орындарға кіре алмайды. Тек «жасыл» статусы барларға ғана жол ашық. Бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирусқа қатысты вакцина салдыру барысының төмендігінен қолға алынып отырған шара болуы мүмкін. Алайда, бұл шектеулердің шеті тағы да бизнеске кедергі болатыны сөзсіз.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.