0:00 / 0:00
Қазақ телевизиясының алғашқы дикторы, отандық телерадио саласының аңызы Зұлхия Жұматова 106 жасында дүниеден озды. Мәдениет министрлігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына көңіл айтты. Зұлхия Мұқанқызы Жұматова 1920 жылғы 20 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1958 жылғы 8 наурызда ол Нелли Омаровамен бірге қазақ телевизиясындағы алғашқы хабарды эфирге шығарған дикторлардың бірі болды. 1958–1970 жылдары теледидарда қызмет еткен Зұлхия Жұматова отандық телевизияның қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ қазақ тіліндегі дикторлық өнердің өркендеуіне зор үлес қосты. Телевизиядағы қызметімен қатар, әдеби шығармашылықпен де айналысты. Өлеңдер мен балаларға арналған шығармалар жазып, көркем аударма саласында еңбек етті. Сонымен бірге Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының басшылық қызметін атқарды. 2026 жылғы 28 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық телевизияның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Зұлхия Жұматованы «Құрмет» орденімен марапаттаған болатын.







