0:00 / 0:00
Қазақстандағы емханаларда дәрігер қабылдау тәртібі өзгеруі мүмкін. Жаңа жобаға сәйкес, маман бір қабылдау барысында науқасты тексеріп, дәрі жазып, анықтама рәсімдеп, профилактикалық шараларды да жүргізе алады. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті өзгерістер жобасын әзірледі. Құжат 18 қарашада «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында жарияланып, қоғамдық талқылау 4 желтоқсанға дейін жалғасады. Жаңа тәртіп дәрігерге қайта-қайта бару қажеттілігін азайтуға бағытталған. Әсіресе созылмалы ауруы бар, тұрақты бақылауда жүрген науқастар үшін тиімді болмақ. Қажетті талдаулар мен тексерулердің нәтижесін де бір қабылдау кезінде есепке алуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар медициналық зерттеулердің ең төменгі тізімі бекітіліп, науқастың жағдайына қарай оны кеңейту ұсынылған. Бұдан бөлек, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтер нақты ажыратылмақ. Айта кетейік, әзірге бұл өзгерістер күшіне енген жоқ. Құжат талқылаудан өтіп жатыр. Қазақстандықтар өз ұсыныстары мен пікірлерін 4 желтоқсанға дейін жолдай алады.







