0:00 / 0:00
Қазақстан мен Мальдив аралдары арасындағы әуе қатынасы жиілейді. Екі ел әуе компаниялары орындайтын тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін арттыру жөнінде келісімге келді. Бұл мәселе Канададағы Монреаль қаласында өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында талқыланды. Кездесуге Қазақстан Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасының Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис қатысты. Тараптар әуе қатынасын кеңейту, екіжақты ынтымақтастықты нығайту және туристік байланысты дамыту мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, әуе компанияларының үшінші елдерге қатынайтын бағыттарда қосымша коммерциялық мүмкіндіктерді пайдалануына жол ашатын «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі» құқығын қолдану мүмкіндігі де сөз болды. Мальдив аралдары қазақстандықтар жиі таңдайтын демалыс бағыттарының бірі. Сондықтан рейстер санын арттыру екі ел арасындағы туристік байланысты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.







